ЖАҚСЫ САБАҚ - МҰҒАЛІМ САБАҚҚА КІРМЕСТЕН БАСТАЛАДЫ

Рейтинг:   / 1
ПлохоОтлично 

Ғалымжанов Баянғали Ғалымжанұлы.,

филология магистрі,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ

«Астана қаласы бойынша ПҚБАИ,

Білім беру процесін педагогикалық-психологиялық

қолдау кафедрасының меңгерушісі

 

Жақсы сабақ - мұғалім сабаққа кірместен басталады... Ендеше, қазіргі таңдағы біздің жақсы сабағымыз қайсы?... Біз жақсы сабақ жасауға кедергі жасаған мынадай келеңсіздіктерден бүгін арыла алдық па?

  • Күнделікті сабақтарымыздағы бірсарындылықтан;
  • Өткізілетін ашық сабақтар мен күнделікті сабақтарымыздың ара қашықтығынан;
  • Жоспарлаудың жалаңдығынан;Nike

көрейік... Егер осындай қордаланып қалған кедергілерден құтылуға тырыса отырып, бар күшімізді сабаққа ғана салсақ, жақсы сабақ бізден де шығуы тиіс!

Мемлекет қазіргі таңда жақсы сабақ жасау үшін мұғалімнің біліктілігін арттыруға деңгейлік курстар арқылы үлкен көмек жасады. Сол көмекті біз қаншалықты пайдалана алдық, мәселе осында болып тұр. Тәжірибені зерттеу кезінде мұғалімдердің жақсы сабақ жасауда әлі де дағдылана алмай жатқаны анық байқалады. «Мен сияқты жаса» принципімен жұмыс жасауға болмайтынын, біреуді қайталап алысқа шаба алмайтынын, көргенін ғана жасау арқылы жаңаша сабақ жасалмайтынын бәрі де түсінген сияқты. Ендеше, қазіргі уақыт әрбір мұғалімнен пәндік білімінен бөлек шығармашылықты, ізденісті, тапқырлықты, психологияны, режиссёрлықты, сыни ойлауды, логиканы т.б. талап етіп отыр. Бір сабақ жасау - сырттай қарағанда жеңіл көрінгенімен, сол сабақта әр оқушының әлемін жасау оңай емесі ақиқат. Ендеше, заман талабына сай оқытуда жаңа қадамдар қалай болу керек, сосың қарапайым мұғалім үшін алгоритмін ұсыну керек-ау деп ойлаймын. Ең алдымен мұғалім сабаққа дайындалу кезінде өткен сабағына талдау жасай отырып, кері байланысты жүйелі зерттеуі шарт. Осы тұста әрбір мұғалім өткен сабақта не сәтті болды? Не сәтті болмады? Нені жақсартуға болады? Мен өз дағдыларымды нені дамыта алдым? Нені өзгертуге болады?деген сұрақтар төңірегінде ойлана отырып, ой қорытуы аса маңызды. Одан кейін оқуды және оқытуды басқару бойынша мына сұрақтарға мұқият ойланып, өз шешімдерін шығаруы керек-ақ...

  • мен оқушыларды қалай қарсы аламын?
  • мен сабақты қалай бастаймын?
  • мен оқушыларды топтарға қалай және неліктен біріктіремін?
  • оқушылардың барлығына бірдей мақсат қойылды ма?
  • мен оқыту үшін бағалауға оқушыларды қалай қоса аламын?
  • тілдік кедергісі бар оқушыларға идеяны қалай түсіндіре аламын?
  • жылдам және қандай да бір кедергісі бар оқушыларды дамыту үшін не істеуім керек?
  • менің өзімнің жеке міндеттерім қандай болады?

Осы сұрақтардың жауабын анықтап білгеннен кейін пәнге қатысты мына сұрақтарға ойланса...

  • Осы сабақтағы ең басты сұрақ? Неліктен біз осы сұрақты қарастырамыз?
  • Сыныптағы оқушылар осы тақырып туралы нені біледі? (диагностикалық бағалау және/немесе стартер жаттығу)
  • Осы сабақтың мақсаты қандай? (оқушылар нені біледі және нені үйренеді/нені жасай алатын болады?
  • Осы тақырыпты тұжырымдамалық түсінуде қандай кедергілер бар?
  • Оқу мақсаттарына жету үшін тұжырымдамалық кедергілерді қалай жоюға болады?
  • Оқушылардың барлығының белсенді қатысуын мен қалай қамтамасыз ете аламын?
  • Мен оқушыларға неліктен және қандай қосымша тапсырма беремін? осы

сұрақтар төңірегінде толық ойланғаннан кейін ғана жоспарлауға кірісуге болады. Жоспарлау – ең маңыздысы. Жоспарсыз құрылған шаңырақ - берік болмайтыны сияқты, жоспарсыз жұмыс та берекелі болмайды. Ал жоспар әр оқушының әлеміне жол ашуға бағытталғанда ғана жұмыс нәтижесін көруге мүмкіндік тумақ. Американдық психолог Д.Карнеги: «Мен өзім қаймақ қосылған құлпынайды жақсы көремін. Бірақ неге екені белгісіз балық құрттарды ұнатады. Сондықтан балық аулауға бара жатқанда, мен өзімнің сүйікті тағамымды емес, балықтың ұнататын асын апарамын»,-дейді. Олай болса, біз де өзімізге ұнайтын тапсырмалар мен өзімізге ұнайтын әдістерді сабаққа апара бермей, оқушының ұнататын дүниелеріне назар аудару, мүмкіндігін ескеру бүгінгі мұғалімнің басты қағидаларының бірі болып отыр. Осы тұста «Баланың жеңіне қарап өсіру» қағидасы бала қолының әлі, ойының күші жететін жұмыс беру. Кез-келген жастағы адамға түсетін жүктемелер олардың жас ерекшелігіне қарай екшеленуі өте-өте маңызды. Жас сәбидің логикалық ойлау түйсігі жетілмеген кезеңде оған артық жүктеме беруге болмайды. 5 жастағы бала 20 кг салмақтағы жүкті көтере алмайды, себебі бұлшық ет талшықтары мен сүйектері қатып, буындары бекімегендіктен организм дайын емес. Сол сияқты оқушы мүмкіндігін ескере отырып, мұғалімнің қалай сабақ беретінінен гөрі, оқушының қабылдау мүмкіндігі қандай екенін ескере отырып, білім беру маңыздырақ.

Мектептің мақсаты – білгізу деп ақпараттар ағымы толассыз уақытта әр пән мұғалімі өзі білетін ақпараттарды оқушыға тықпалай берудің де қажеті шамалы екенін уақыт дәлелдеді. Бұл жердегі мәселе қалай білгізу жолы туралы ойлануда болып отыр. Түсіндіру арқылы игерілген білім ой туғызбайды. Жаттанды білім бірден мидағы жинақтаушыға орналасады. Ол – іс-әрекеттің ғана құралы. Қатаң логикалық рационалдық ой сана туғызады, нәтижесінде материалдық-прагматикалық дүниетаным орнығады да, оқушы өзінің аз түсінігін көпке балайтын тұтынушы, еліктегіш, жалтақ, көрсеқызар, алауыз қай жағдай қолайлы соның құлына айналады. Ал жүрек арқылы қабылдау - мидағы сарапшы арқылы жинақтаушыға барып орналасады. Ой туады, қиялы оянады, жан азығын жинайды, көкірек сарайы кеңиді, ой көзі пайда болады, түсінік қайраты шынығады, ғаламды ойша шарлайды, әлемді түсіну түйсігі пайда бола бастайды... Тәрбие ми арқылы емес, социогенетикалық код есебінде жүрек толқындары арқылы жан сезімі түрінде тамырды қуалайды. Нәтижесінде, табиғат құпиялары мен оның сырын терең біліп, өз жан дүниесін ұлттық құндылықтармен суарған және еркіндік, талап, шын сүю, жирену, мақсат, ой түю, қайғы, қуаныш, күлкі, ашу сияқты адами қасиеттердің бәрін бойына сіңіре отырып, оны басқара алатын туған жерін, суын, бауырын да, адамзатты да сүйіп, алайда олардың аражігін ажырата алатын жүрек күшіне ие жасампаз тұлғалар қалыптасады... Бұл – ұлы далалықтардың «ақылменен ұққан сөз, бойға жұқпас сырғанар», «ынталы жүрек сезген сөз бар тамырды қуалар» қағидасы. Сондықтан ұлы дала «оқу – ойдан озық емес»- деген. Бүгінгі біз қозғап отырған мәселеде «Балабақшаға барғаныңнан бастап, ит өмірдің әліппесімен танысасың,- дейді, Г.Сайынқызы. Ендеше, ит өмірдің әліппесімен балабақшада танысып жатсақ, мектеп – өмірге дайындау емес, мектеп – өмірдің өзі... екені даусыз! Олай болса, мектептегі оқушыға өмір сүргізе білгізу - ата-ана мен мұғалімге тікелей байланысты. Олай дейтінім, ана баланы 9 ай көтеретін болса, мектеп 99 ай білім береді екен... 99 айда оқушыны оқытудағы мақсат – оны әрі қарай мұғалімнің көмегінсіз-ақ, дамуға қабілетті ету. Бүгінгі мектеп - өзінше ойлануға, өзінше шешім қабылдауға, өзінше қадамдар жасауға, өз көзқарасын білдіруге, дәлелдеуге, құлауға, сүрінуге, қателесуге, өз қатесін өзі көруге, сезінуге бағытталуы керек-ақ.

Қазіргі балаға бәрін жасап берудің қажеті жоқ. Шығыс философы Конфуций: «Адамды тамақтандырғың келсе, балық бер, ал өмір бойы тамақтандырғың келсе, қармақ ұстауды үйрет»,- дейді бұл философиялық тұжырымның бүгінгі мұғалімге астарлы түрде айтары орасан... Бүгінгі мектеп – кез-келген нәрсеге дайын болуға үйрету, әрбір сабақ өмірге айналуы тиіс!

                       

2016-2017 © Филиал АО «НЦПК «Өрлеу» ИПК ПР по СКО»

 
Яндекс.Метрика