Среда, 23 Октября 2019
Жаңалықтар / Новости
  Педагогтердің кәсіби даму траекториясын шыңдау және үздіксіз білімін жетілдіру мақсатында  Қазақстан Республикасы Президенті  Н. Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ педагогтер үшін бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауын жариялайды. В контексте реализации программы «Рухани жаңғыру» и Послания Президента Республики Казахстан Н. Назарбаева народу Казахстана «Новые возможности развития в условиях четвертой промышленной революции» от 10 января 2018 года АО «Национальный центр повышения квалификации «Өрлеу» объявляет конкурс видео-уроков и видео-лекций «ПАНОРАМА ПЕДАГОГИЧЕСКИХ ИДЕЙ» 
   |   

Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту жолдары

User Rating:  / 1
PoorBest 

Калимова Әсия Ғалымжанқызы, 

Каримова Әлия Қайыржанқызы
Петропавл қаласы
«БЭСТ»гимназиясы» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері

Бәсекеге қабілетті орта, бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастыруда біздің, ұстаздардың, рөлі аса маңызды. Күнделікті өміріміздегі ақпараттың сан алуандығы мен жылдам өзгеруі барлығымызды жылдам, әрі дұрыс шешім қабылдап, әрекет жасауды талап етеді. Сондықтан елбасы саясатында басты орын жастарға, олардың заманына сай білім алуына негізделген.

Елбасымыз «Қазақстан -2050» стратегиясы: бір халық –бір ел» Жолдауында «Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстандағы тілдердің, мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің этностық көптүрлілігі сенімді үндестікке, өзіне тән реңктер мен әсемдіктер молшылығына ие болды. Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ. Әрине, осы этностық әралуандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет. Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі ¬– мемлекеттік тіл болып отыр» деп атап өткен болатын [1].
Соңғы жылдардағы өткізіліп жатқан конференциялар мен семинарларда, білім беру саласындағы нормативтік құжаттарда оқушылардың функционалдық сауаттылығына басты назар аударылған. Қаншалықты біз тәрибелеп, білім беріп жатқан ұрпақ алған білім мен игерген қабілетті өз ісіне жаратады? Нәтижелігі қандай? Біз, ұстаздар, осыдан қандай қорытынды шығарамыз деген сұрақтар әр қайсысымызды мазалары сөзсіз. Жас ұрпақтың функционалдық сауаттылғын қалыптастырудың маңызды бір құрамдас бөлігі - олардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру.
Мақала басында «коммуникативтік құзыреттілік» ұғымына тоқтала кетсем.
Коммуникативтік құзыреттілік дегеніміз не? Яғни, «коммуникативтік құзыреттілік» (латынның «соmpetere» -қол жеткізу, сәйкес келу, сөзінен шыққан) – қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Коммуникативтік құзыреттілік адамдардың өз ана тілімен қатар өзге тілді де меңгеруін қарастырады [2;145].
Неміс тілін екінші тіл ретінде оқытуды зерттеген, көптеген монографиялық еңбектердің авторы, ресейлік ғалым И.Л.Бим «Коммуникативтік құзыреттілік – тілді жеткізушілермен тіларалық және мәдениетаралық қатынасқа түсу қабілеттілігі» деп атап өткен болатын [3;1]. Яғни екінші тілді меңгеруде тек сол тілде сөйлеу ғана мақсат болмайды, сонымен қатар сол тілде сөйлеуші ұлттармен мәдениетаралық қатынасқа түсу де қарастырылу қажет.
Коммуникативтік құзыреттілік құзыреттілік амалына негізделеді.
Құзыреттілік амалы – білім беру нәтижесіне ден қоятын амал, бұл жерде нәтиже ретінде ақпарат көлемін игеруді емес, адамның алған білімін қолдана, жаңа білім тудыра отырып, түрлі проблемалық жағдайларда өз бетімен әрекет етуін қарастырады.
Құзыреттілік тәсілі. Құзыреттілік тәсілдің мақсаты дәстүрлі емес және типтік жағдаяттарда шешім қабылдау және іс-әрекет жасау, өз мақсатын анықтай алу дағдыларын меңгеру болып табылады.
Құзыреттілік тәсілінің басты міндеті білім алушылардың бастамашылдығы мен өз бетінше жұмыс істей алатынын көрсетуге деген ынтасы болып табылады. Ол білім алушылардың жеке әрекет ете алуына, өз қабілеті мен қызығушылығын ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Құзыреттілік тәсілі білім алушылардың білім, білік дағдыларын жеке-жеке емес, кешенді түрде меңгертуді жобалайды.
Білім берудің нәтижесі ретіндегі құзыреттіліктер белгілі бір пәнге қатысты қойылған оқушының іс-әрекет тәсілдерінің жиынтығы Қазақстан Республикасының «Білім» туралы Заңында, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында», «Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін орта мектептердің даму тұжырымдамасында» басты мәселе ретінде берілген. Құзыреттілік ұғымына тек танымдық және әрекеттік-технологиялық құраушылар ғана емес, сондай-ақ мотивациялық, этикалық, әлеуметтік және мінез-құлықтық компоненттер кіреді. Қазақ тілінен күтілетін білім нәтижелері де ақпараттық құзіреттілік, коммуникативтік құзіреттілік, мәдени-танымдық құзіреттілік түрінде бөлінеді [2;145]
Аталған үш негізгі құзіреттілік оқушыға тілді меңгертудің алғышартын қалыптастырып, алдына мақсат қояды, оны орындаудың жоспарын құрып, өздігінен шешім қабылдауға көмектеседі.
Оқушы тілді меңгеріп қана қоймай, оны тәжірибеде, түрлі жағдаяттарды шешу барысында қолдана білуі тиіс. Сондықтан мектептегі кафедра отырысында оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру жолдары қандай? Қандай әдіс-тәсілдерге негізделе отыра, білім беруіміз қажет, гимназиямызда ағылшын, неміс, француз тілдерін еуропалық стандарттар негізінде игеріп жатқан оқушыларымызға ұлтымыздың әуезді, тарихы бай тілді ынталандыра, қызықтыра, саналы түрде қалай меңгерту тиіспіз деген сауалдар турасында пікір алмасып, тәжірибе бөлісіп, тиімді жұмыс түрлеріне тоқталамыз.
Оқушылардың тілге қызығушылығын, тілді меңгеру қабілеттілігін арттыру мақсатында мектебімізде көптеген жұмыстар жүргізіледі. Балалардың тілді тек сабақ барысында ғана емес, сонымен қатар сабақтан тыс уақытта да қолдануы өте маңызды. Қазақ тілі сабақтары барысында оқушылардың тілге деген ынтасын,тілді меңгеруге деген белсенділіктерін арттыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер қолданылып, жұмыс түрлері орындалады. Сабақ барысында интербелсенді әдістер, сын тұрғысынан ойлау, ойын технологияларының жиі қолданылады. Сабақта тілдік қатынасты үш түрлі жолмен жүзеге асырады:
1. Топтық
2. Ұжымдық
3. Жұптық
Тақырыпқа, қойылған мақсатқа сәйкес сабақ барысында оқушылар әрекеті алмастырылып отыру, баланың жаңа ақпаратты меңгеруіне, психологиялық ахуалына, көңіліне жақсы әсер ететіндігі баршамызға белгілі. Осыған орай бала түрлі ортада қарым-қатынас жасайды және коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырады. Коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда қолданылып жүрген жұмыс түрлері: рөлдік ойындар, жобалар қорғау, ПОПС формуласы, «Жағдаятқа атау бер», «Сөйлемді аяқта» және т.б.
Сабақ барысында байқағаным, оқушыларының көпшілігі түрлі ойындар мен логикалық тапсырмаларды орындау, жұпта, топта бірлесе жұмыс жасағанды ұнатады, ал ауқымды, әдеби мәтінмен жұмыс жасауда көптеген кедергілерге тап болады. Мәтінмен жұмыс жасау кезінде пайда болатын қиындықтар:
1.Оқыған мәтіннің мазмұнын толық игере алмау.
2. Мәтінді оқуға оқушылардың ынталы болмауы.
3. Ақпаратпен сауатты жұмыс жасай алмау.
4. Жүйеленбеген ақпаратты талдау мен тұжырым жасауға, қажетті ақпаратты іздеу қабілеттерін толық игермеу;
5. Оқушылардың алған білімдері мен дағдыларының тәжірибеде қолдана алмаулары;
6. Оқушылардың түрлі таңбалық жүйелерде (сызба, кесте, диаграмма) берілген ақпаратты іздеу дағдыларының жеткілікті түрде игермеуі ;
7. Оқушыларда жазылу стильдері әр түрлі мәтіндерден (философиялық, ғылыми-көпшілік, публицистикалық, көркем әдебиет) талап етілген ақпаратты анықтау үшін қажетті дағдыларының болмауы.
Мәтінмен жұмыс жасау барысында қандай жұмыс түрлерін қолдануға болады және коммуникатвті құзыреттілікті қалыптастыруда қаншалықты тиімді екенін қарастыруды жөн деп ойлаймын. Кафедра мұғалімдерінің сабақтарын саралай келе көпшілік ұстаздардың түрлі дәрежелі сұрақтар: яғни жуан және жіңішке сұрақтар, Блум түймедағындағы 6 түрлі сұрақтардың қолданатындығын, мәтіндегі ақпаратты жинақтау мақсатында түрлі кластерлер мен SWOTталдаулар пайдаланатынын байқадым. Оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыруда, мәтінмен жұмыс жасау барысында қолдануға болатын тәсілдер мен жаттығуларға тоқтала кетсем:
“Жазбаша пікірталас”. Мәтін жазылған парақтардың артында мәтінде көтерілген мәселе туралы өз пікірін, болжамын, қаншалықты түсінгенін, сұрақтарын жазады. Содан кейін оқушылар парақтарымен алмасады, келесі оқушы мәтінді оқып, бірінші оқушының жазабаларын, оның тұжырымдарына да талдау жасайды. Осы тапсырма арқылы балалардың өз ұстанымын негіздеу, дәлелдеу, қорытынды жасау дағдылары сыналады.
“Даналық қайнар көзі”. Мәтінге сұрақ қою қабілеттерін арттыру мақсатында қолдануға болады:
1 кезең — балалар белгіленген уақыт ішінде мәтінге бірнеше сұрақ жазуы қажет.
2 кезең — оқушылар сұрақтарын оқып, салыстырады, ұқсас сұрақтар алмастырылып, нақтыланады
3 кезең – сұрақтарды қорапқа салады.
4 кезең – Сұрақтарды кезек-кезегімен алып, мүмкіндігінше толық жауап береді, ал қалған балалар оқушы жауабына және оқылған сұраққа баға береді. Балаларды сұрақты дұрыс қоя білуге, оған жауап беруге дағдыландырады.
«ПОПС» формуласы:
• Бірінші сөйлем «Менің ойымша, ... »
• Екінші сөйлем «Себебі, мен оны былай түсіндіремін … »
• Үшінші сөйлем «Оны мен мына фактілермен, мысалдармен дәлелдей аламын … »
• Соңғы сөйлем «Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім ... »
"Жағдаятқа атау бер" коммуникативті жаттығуы. Оқушылар түрлі коммуникативті жағдаятқа атау беруге тырысады. Жаттығу түрлі жағдаяттарды ажырата білу қабілеттеріне бағытталған. Оқушылар бұл тапсырманы орындау барысында бастапқыда қиналғанмен, келесі сабақтар барысында жылдам орындайды, топтағы оқушылардың жағдаят баяндалғанда мұқият болуды талап етеді, балалардың жауапкершілігі артады.
«Сөйлемді аяқта» жаттығуы оқушылардың коммуникативті құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Сөйлемнің басы беріліп, оны аяқтау ұсынылады немесе бір оқушы сөйлемнің басын айтады да, екінші оқушы оны аяқтайды.Бұл жаттығу балалардың қазақ тіліндегі сөздік қорларын қолдануға, ауыз-екі сөйлеу дағдысын арттыруға жәрдемдеседі. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларының құрмалас сөйлемдерді қолдануына жағдай жасайды.
Оқушыларымыздың қазақ тілін игеру деңгейлерін түрлі санатты іс-шараларға қатысуларынан байқай аламыз. Мектебімізде «Тілдер онкүндігі», «Наурыз» мерекесі, «Тәуелсіздік күніне» байланысты ән марафоны, «Түсін мені» сияқты танымдық ойындар, мәнерлеп оқу сайыстары өткізіліп тұрады.
Тілді үйрету барысында аталған жұмыс түрлерін қолдану балалардың ынтасын арттырып, коммуникативтік құзыреттіліктің қалыптасуына аз да болса, өз пайдасын тигізеді деп ойлаймын.
Ұлы ағартушы А.Байтұрсынов: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаға үйрететін нәрселерін өзі де жақсы білуі керек» деп айтқан, сондықтан оқушыға қандай да бір жұмыс түрін ұсынбас бұрын, оқушы тарапынан ол қаншалықты қажетті, жасына сәйкес, қандай нәтиже берерін, қандай кедергілер тудыратындығын болжап, жоспарлап отыруы тиіс.
Ынтамен жасалған іс, саналы ойлау кез келген кедергіні жояры сөзсіз. Сондықтан оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыруда мұғалімнен де, оқушыдан да ынта, еңбектену талап етіледі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында сөйлеген сөзі. -http://akorda.kz/kz/page/page_213672 (23.09.2015)

 
Яндекс.Метрика